Облыста ақпанның 1-нен дарынды балаларға мамандандырылған мектептерге оқушылардың құжаттарын қабылдау науқаны басталды. Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында СҚО білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Маманның сөзінше, Петропавлда дарынды балаларға мамандандырылған 4 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олар – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Білім – инновация» лицей – интернаты, Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-музыкалық -эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені, «ЛОРД» дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты.
— Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты мен «ЛОРД» мектеп-лицей-интернатына оқуға түсу үшін оқушылар арнайы байқауға құжаттарды ақпанның 1-і мен сәуірдің 15-сі күндері аралығында тапсыра алады. Бүгінде біріншісі бойынша 5-сыныпқа 18 квота, 7-сыныпқа 16 оқушы бөлінген. Ал екінші білім беру ошағында 5-ші сыныпқа 50 квота қарастырылған.
Кейін құжаттар қабылданған соң, үміткерлердің электрондық базасы жасақталып, тиісті ақпарат тест материалдарын құрастыру үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына жіберіледі. 7-ші сыныпқа оқуға түсушілер 75 сұрақтан құралған емтиханнан өтуі шарт. Ал 5-ші сынықа қабылданатындар 40 сұраққа жауап беруге міндетті, — дейді Алмагүл Оспанова.
Дәл осы сынды науқанды «Білім – инновация» және Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-музыкалық -эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп- интернат кешені де өткізеді.
– «Білім – инновация» лицей-интернаты 7-сыныбына конкурстық іріктеуге тіркеу 1 ақпанда басталып, 12 сәуірге дейін жалғасады. Биыл балаларды іріктеу туры мамырдың 12-сі күні барлық аудан орталықтарында және Петропавл қаласында өтеді. Тестілеуде 60 сұрақ болады.
Ермек Серкебаев атындағы «Өнер колледжі-музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп — интернат кешені» КММ фортепиано, ішекті аспаптар, үрмелі және соқпалы аспаптар, халық аспаптары, домбырамен ән салу, ән салу, хор дирижері, кескіндеме сынды мамандықтар бойынша оқушы қабылдайды. Кәсіптік бағдар беру жұмысы 1 қыркүйекте басталып, жыл бойы жүргізіледі. Қабылдау комиссиясы өз жұмысын маусымның 1-і мен 20-сы күндері аралығында өткізеді. Бұл уақытта үміткерлерге кеңес беру, сондай-ақ оқуға түсу үшін қажетті құжаттарды қабылдау жүргізіледі. Кейін шығармашылық және жалпы білім беретін пәндер бойынша емтихандар алынады, — дейді білім басқармасының бас маманы.