СҚО әкімінің төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары белгіленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс басшылығы әр сала бойынша басым міндеттерді анықтады. Өңір басшысы бюджеттік және салықтық саясаттың тиімділігін арттырып, қаржылық тәртіпті қатаң сақтау керектігін атап өтті. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік секторды жаңғыртуды жалғастырып, техниканы жаңартуға, қайта өңдеу өнімін ұлғайтуға және фермаларды салуға қатысты тапсырмаларды жүктеді.
Белгілі болғандай, биыл жаңа инвестициялық циклді бастау аясында өңірге инвесторларды тарту жұмысына қарқын қосылады. Облыс әкімі құрылыс саласын реттеу – тағы бір маңызды міндет екенін айтты. Әсіресе, мердігерлермен жұмыс істеуге және учаскелерді онлайн режимде бақылауға көңіл бөлінеді. Цифрландырумен барша бюджеттік жобаларды қамту қажет.
Энергетика мәселелерін шешу де басты назарда болмақ. Электр желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту бойынша жол картасы бекітілді. Өңір басшысы жауапты органдарға оның мүлтіксіз орындалуын тапсырды.
– Ұзақ мерзімді перспективада өңірді дамыту басты назарда болады. Жауапты мемлекеттік органдарға тұрғындарды таза ауыз сумен, сапалы жолдармен және жөнделген әрі жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысандарымен барынша қамту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын жасауды тапсырдым, — деді СҚО әкімі.