«Қызылжар» клубы өз тарихында бірінші рет футболдан Ресейдің ұлттық лигасының (ФНЛ) қысқы кубогында жеңіске жетті. Жерлестеріміз медиалиганың «Broke Boys» командасын 2:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Түркияның Белек қаласында өткен турнирдің финалында жерлестеріміз матчтың тағдырын бірінші таймда шешіп үлгерді. «Қызылжар» клубы сапындағы черногориялық шабуылшы Борис Цмилянич ресейлік медиалига командасының қақпасына екі гол салды.
Үзілістен кейін командалар қанша шабуылдағанымен дәл соққылармен көзге түсе алмады. Нәтижесінде есеп өзгеріссіз қалып, солтүстікқазақстандық ұжым қысқы кубоктың жеңімпазы атанды.
Бұған дейінгі матчтарда Әли Әлиевтің шәкірттері ресейлік «Родина» (3:1) және «Амкал» (пенальти бойынша 5:4) командаларын қапы қалдырды.
«FNL» қысқы кубогы 2012 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.