Солтүстікқазақстандық полицейлер Аққайың ауданының 55 жастағы тұрғынының үйінен екі қап кептірілген марихуана тәркіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Ер адам маскүнем ретінде есепте тұрған. Ас үйдегі газды плитаның артында өсімдік тектес зат салынған 2 қап анықталып, тәркіленді. Оның жалпы салмағы 8 келі 910 грамды құрады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Есірткіні өткізу фактілері және құрамында есірткі бар заттарды өсіру деректері болған-болмағанын анықтау үшін барлық мән-жайлар тексеріледі. Жылдың басынан облысымызда 59 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, заңсыз айналымнан 15 келіге жуық түрлі есірткі тәркіленіп алынды, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.