Жолға шыққан еліктің себебінен жол апаты бола жаздады. Оқиға «Есіл – Петропавл» тас жолының 44-шақырымында орын алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД хабарлауынша, «Нива» автокөлігінің алдынан шыға келген еліктің кесірінен жүргізуші теміртұлпарды тізгіндей алмай жол жиегінен шығып кеткен. Жабайы жануар зардап шеккен жоқ. Ресей азаматы бірден «102» нөміріне хабарласып, оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Дереу жеткен Қызылжар ауданының учаскелік инспекторы Азамат Қадыров арнайы ауыр техниканы шақыртып, қардан шыға алмай жатқан көлікті жолға шығарды.
– Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінен басқа, азаматтарға учаскелік инспекторлар Азамат Қадыров пен Қайыртай Нұрғалиев, әкімшілік полиция қызметкері Әділбек Еркенов көмек көрсетті. Көктем мезгілінің басынан бастап аудан аумағында ауыр жүк көліктері жол жиегіне үш рет шығып кетті. Сондай-ақ Көкшетау қаласынан келген жүргізушіге «Duster» автокөлігімен, «Subaru» және «Volkswagen» көліктеріндегі ресейліктерге көмек қажет болды. Мұндай фактілердің бір бөлігі мұздан, бір бөлігі жүргізушілердің жіті назар аудармауынан болды, – дейді Қызылжар ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары Рустам Садулов.