Петропавлдағы бейнелеу өнері мұражайында СҚО ҚАЖ департаментіне қарасты №48, 50, 51, 52, 66 түзеу мекемесіндегі сотталғандар дайындаған «Үміт – 2024» суреттер мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Көрмеге теміртордың арғы жағында жазасын өтеп жүргендердің қолынан шыққан өнер туындылары қойылды. Сотталғандар «Үміт» тақырыбында 20 сурет пен 30 қолдан жасалған бұйымды ұсынды.
Көрмеге СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Сүлейменов және ҚР суретшілер одағының Солтүстік Қазақстан филиалының төрағасы Ғалия Әбенова қазылық етті.
Қазылар алқасы 9 адамды жеңімпаз деп танып, оларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Көрме соңында сотталғандарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу бойынша жұмысты одан әрі жетілдіру жолдары талқыланды.
Мұндай іс-шара қамауда отырғандардың адамгершілік және эстетикалық құндылықтарын тәрбиелеуге және қалыптастыруға бағытталған, бұл өз кезегінде олардың азаматтық қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.