Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма теарында әз-Наурыз мерекесіне орай балаларға арналған «Жақсылыққа жаршы болған наурыз» атты ойын-сауық шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Ойын-сауық шарасы аясында балаларға «Алпамыс батыр» жырының желісі бойынша жазылған қойылым ұсынылды. Спектакльде кішкентай көрермендерге жеті қазынаның мәні, асық ату, арқан тартыс, ақсүйек ойындарының тәртібі түсіндірілді. Ойын соңында Омай ана кейпіндегі актриса аластау дегеннің не екенін көрсетсе, Қыдыр ата балаларға ақ батасын берді.
Жарты сағаттық қойылым балаларға қатты әсер етті. Олар кейіпкерлер шынайы өмірде бардай қабылдап, жалмауыз кемпірдің пасық тірлігіне жиіркене қарап, тұтқынға түскен Гүлбаршынға аяушылық танытып, Алпамыс батырға қолдау көрсеткен кезде сезімдерін жасыра алмай қалды.
–Амал мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл шараның негізгі мақсаты – өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Қазіргі балалар «Өрмекші адам» сынды шетелдік кейіпкерлермен санасын улап, солардың кимін іздеп жүріп сатып алады. Оның орнына өз батырларымызға еліктеп, «тілім – тірегім, жерім – жүрегім» дейтін рухты жастар тәрбиеленсе деген мақсатпен осы шараны ұйымдастырдық, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.