Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңінде жол жабынын сақтау мақсатында жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылды. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, шектеу бір оське 8 тоннадан артық салмақ түсетін жүк көліктеріне қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Көлік және коммуникация министрінің «Қазақстан Республикасы республикалық маңызға ие жалпы қолданыстағы автокөлік жолдарында көлік құралдарының жүруін ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес биыл V климаттық аймақта 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында, ІV климаттық аймақта 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында қозғалысқа уақытша шектеулер енгізіліп отыр.
Шектеу енгізілетін жолдар мыналар: М-51 «Челябі-Новосібір», М-36 РФ шекара (Екатеринбург бағыты) – Алматы, Р-49 Петропавл қаласын айналып өтетін жол, А-1 «Астана-Петропавл», А-12 «Петропавл-Соколовка-РФ шекарасы» (Ишим қаласы бағыты), А-13 «Көкшетау-Кішкенекөл- Бидайық-РФ шекарасы» (Омбы бағыты), А-16 «Жезқазған- Петропавл», А -21 «Мамлютка -Қостанай», Р-11 «Көкшетау-Рузаевка», Р-28 «Қарасай мен Ағынтай батыр мемориалдық кешеніне апаратын жол», Р-58 «Булаево-Возвышенка- Молодогвардейское-Киров-Қиялы-Рощинское», Р- 59 «Рощинское-Корнеевка-Волошинка», Р- 60 «Волошинка-Сергеевка-Тимирязево», Р- 61 «Тимирязево-Сарыкөл-облыс шекарасы», Р- 62 «Петропавл әуежайына апаратын жол», Р – 57 «Петерфельд-Архангельское-Новокаменка-Жезқазған-Петропавл».
Бұл жолдарда қазіргі уақытта «ҚАЖсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі уақытша жол белгілерін орнатып жатыр. Барлығы 147 белгі орнатылады.