Облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы құрылыс компаниясы жасыл желектерді зақымдағанын анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Прокурорлар уәкілетті орган бір жылдан астам уақыт бойы жасыл желектерді күзетпегенін және қорғамағанын да анықтады. Келтірілген залал көлемі 1 млн. теңгеден асты.
– Прокуратура мен соттың араласуынан кейін ғана материал сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 340-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылданды.
Тергеу нәтижелері бойынша медиативтік келісім жасалды, мемлекетке келтірілген залал толық өтелді, құрылыс компаниясы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес ағаштарды өтемдік отырғызуды қамтамасыз етеді, — дейді прокуратурадағылар.
Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Петропавл қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.