Ақан сері атындағы облыстық филармонияда «Наурыз көктемі» атты концерт өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі ұйымдастырған концертке Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония жанындағы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов арнайы шақыртылыпты. Оркестірге жетекшілік еткен ол халық назарына Құрманғазының «Қуаныш», Дәулеткерейдің «Бапас», Әлшекейдің «Желдірме», Жантөренің «Шалқыма», Махамбеттің «Ақжелең» күйлерін және өзінің «Қара шаңырағым», «Егізек», «Алтын шаһар – Алматым», «Ақжайық», «Ақеркем», «Жүрексыры» сынды төл туындыларын ұсынды.
– Атақты Сегіз серінің есімін иеленген оркестрмен бірге сахнаға алғаш шықтым. Музыканттардың өнерлеріне тәнті болдым. Олардың өз жұмыстарына деген адалдығы, берген тапсырманы ұқыпты орындауы, кішпейіл мінездері мені қуантты. Алдағы уақытта да шығармашылық қарым-қатынасты жалғастырамыз деген ойдамын – дейді Еркін Нұрымбетов.
Тыңдармандар Құрмет орденінің иегері Дәмеш Құрманкинаның, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Нұрсұлу Ахметжанованың және «Әдемі-ау» халық би ансамблінің өнерін қызыға тамашалады.
– Еркін Шаяхметұлының өнерін өте жоғары бағалаймын. Қасиетті Қызылжар өңірінде концерті өтеді дегенді естіп, арнайы келіп отырмын. Шарның әр көрерменге рухани нәр сыйлағаны сөзсіз, – дейді Әлшекей Бектыбайұлы атындағы дәстүрлі өнерді дамыту қорының перзиденті Оңғарбай Данебеков.