Облыстық полиция департаменті жанындағы мәдени орталықтың вокалдық тобы облыс аудандарын аралап жүр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Погон таққан өнерпаздар Аққайың ауданының Смирново ауылындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының зейнеткерлерімен кездесіп, оларға ән мен жырдан шашу шашты.
– Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-бірлеріне ізеттілік танытып, қайырымдылық жасаса нұр үстіне нұр. Наурыз мейрамына орай бірқатар ұжымға мерекелік көңіл-күй сыйлауды жөн көрдік, — деп атап өтті департамент бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова.
Ол орталық басшылығына «Қазақтың салт-дәстүрлері» кітабын сыйға тартты. Полицейлер Мағжан Жұмабаев ауданы Полудино ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен жүздесіп, олармен бірге ән айтып, би биледі.