Петропавлда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қолөнершілерге киіз басудан екі күндік шеберлік сағаты өтті. Шараны СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шеберлік сағатын этно-дизайнер, Қостанай облысының «QOLONER» қолөнершілер қоғамдық ұйымының басшысы Сәуле Қабидулова өткізді.
– Шараға 12 солтүстікқазақстандық келіншек қатысты. Нәзікжандар қолөнершінің өнерімен жіті танысып, киіз басудың тәсілдерін игерді, — дейді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанова.
Өткен жылдың соңында өңірлердің кәсіпкерлер палаталарына қарасты іскер әйелдер кеңестерінің төрағалары «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру мақсатында Қырғыз Республикасына арнайы барған болатын. Сапарды «Атамекен» ҰКП және Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігі ұйымдастырды.