53 жастағы Петропавл тұрғынының автокөлігі «Астана – Петропавл» автожолында түнгі сағат 2-лер шамасында сынып қалып, оған жол патрульдік полиция қызметкерлері көмекке келгендеп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД ақпаратынша, оқиға Кременчуг ауылы маңында орын алған. Жол жиегінде тұрған көлікті байқаған полицейлер Евгений Вишневский мен Алтынбек Омаров жүргізушіге көмек көрсетті.
– Полиция қызметкерлері менің көлігімді Келлеровкаға сүйреп апарды, бізді жол бойындағы кафеге орналастырды. Қосалқы бөлшектерді жеткізіп, жөндеуге мамандар табуға көмектесті. Оларға көрсеткен көмегі үшін зор алғысымды білдіргім келеді және олардың қажырлы еңбегіне, күш-жігеріне, шыдамдылығына тәнтімін. Отбасыларына амандық тілеймін, – дейді жүргізуші.
СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Валихан Оразалинның айтуынша, мереке күндері тәртіп сақшылары күшейтілген режімде жұмыс істеді. Нәтижесінде жол апатына жол берілген жоқ.