«Аmanat» партиясы СҚОФ жанындағы «Miras» кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы негізіндегі өңірдегі мемлекеттік тіл, Петропавл қаласы, Есіл, Тимирязев аудандарында атқарылған жұмыстар туралы айтылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шарада бірінші болып сөз алған қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Сенкебаев өткен жылды қорытындылады.
– 2023 жылы мемлекеттік қызметшілер арасында 2 топ құрылып, қазақ тілін оқыту курстарына 25 адам жіберілді. Биыл 3 топ ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ өткен жылдың ақпан-мамыр, қыркүйек-желтоқсан айларында қала тұрғындары үшін тегін қазақ тілі курстары ашылды. Оған 80 адам жазылып, 4 топқа бөлінді, – деді Руслан Сенкебаев.
Жиында белгілі болғандай, тиісті заңнамаға сәйкес, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратқа мониторинг жүргізіледі. Өткен жылы 90 нысан тексеріліп, 30 бұзушылық анықталды. Барлық анықталған кемшіліктер заңға сәйкес түзетілді.
Шаһардың білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің ресми сайттарына да мониторинг жүргізілген. Оның барысында 15 сайт тексеріліп, 13-інде олқылықтар анықталып, сегізі жойылған.