Наурыздың 31-і белгісіз адам қаладағы аялдамалардың шынысын сындырып кеткен деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД мәліметінше, қалалық полиция басқармасына Н.Назарбаев көшесінде қызыл түсті сырт киімдегі белгісіз ер адамның аялдама павильонының шыныларын сындырғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл ақпарат барлық кезекші жасақтар мен автопатрульдерге жіберілді. Бейнебақылау инспекторлары осы ауданда жаяу жүргіншінің белгілеріне ұқсас адамды тез арада анықтады.
– Ер адамды патрульдік полиция батальонының экипажы Н.Назарбаев пен К.Сүтішев көшелерінің қиылысында ұстады. Автопатруль келгенше күдікті тағы бір аялдаманың шынысын сындырған.
Ұсталған ер адам облыс орталығының 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның мас күйде болғаны анықталды, — делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Полицейлер аталған фактілер бойынша әкімшілік хаттама толтырып, шешім қабылдау үшін істі мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберді. Құқық бұзушы айыппұл төлеуі немесе бестен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.