Петропавлда жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің қолы қойылған қаулы жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілердің сайтында шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Құжатта Петропавл қаласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы негізінде шешім қабылданғаны көрсетілген.
— Петропавл қаласы әкімінің «Петропавл қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» шешімі Абай көшесіндегі кәріз коллекторының істен шығу салдарын жою, сондай-ақ жеке секторды су басу салдарын жою мақсатында қабылданады. Заңнаманы енгізілетін нормативтік құқықтық актінің жобасына сәйкес келтіру: қалалық кәріз жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су басқан құрылыстарды қалпына келтіру қажеттігінен туған, — делінген жобада.
Петропавлдағы Абай көшесінде диаметрі 800 мм кәріз коллекторы 30 наурызға қараған түні істен шығып, жолдың бір бөлігі опырылған болатын.