Бірінші вице-премьер Роман Скляр мен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте шоғырланған эвакуациялық пунктке барды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Білім ошағында орналасқан эвакопункте 44 адам көшірілді. Олардың барлығы – Заречный кенті, Ойқала, Былғары зауыты шағынаудандарының тұрғындары.
Эвакуациялық пунктке жеткізілген қалалықтар үш мезгіл тамақпен қамтылып, медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.
СҚО қоғамдық штабының өкілдері эвакуацияланғандарға тегін заңгерлік көмек көрсетілетінін де айтты. Ең жиі қойылатын сұрақ – саяжайда тұратындарға келтірілген шығынды өтеу.
– Әр отбасы, әрбір азамат мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға ие болады. Ешкім көмексіз қалмайды. Табиғи апаттың салдарын жоюға барша ел халқы жұмылдырылған. Су тасқыны келтірген шығындарды арнайы комиссия бағалайды. Жалғыз баспанасы саяжай учаскесі болғандарға 100 АЕК көлемінде бір жолғы жәрдемақы төленеді, – деді Роман Скляр.