Футболдан ел біріншілігінің 5-ші турында Шымкентте «Қызылжар» клубы «Ордабасы» командасымен ойнады. Бұл кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ойын басталысымен алаң иелері «Ордабасы» командасы шабуылға шықты. «Қызылжардың» қырағы қорғаушыларының арқасында көпке дейін есеп ашылмады. Бірінші таймның негізгі уақытында бірде-бір клуб нәтижелі соққы жасай алмады. Тек төреші қосқан 3 минуттың ішінде жерлестеріміз есепте алға шығуға мүмкіндік алды. Бұрыштамадан әуелеткен допқа бірінші болып жеткен Евгений Березкин солтүстікқазақстандықтарды алға шығарды.
Екінші таймда «Ордабасы» клубы таразы басын теңестіруге тырысып, ойынның 52-ші минутында шымкенттік команданың қорғаушысы Сергей Малый есепті 1:1-ге дейін жеткізді. Матчтың 66-шы минутында жерлестеріміз алға шықты. Алайда шымкенттіктердің айып алаңында ереже бұзылып, соғылған гол есепке алынбады. Қорытынды есеп – 1:1.
Ел біріншілігінің турнирлік кестесінде көш басында «Ақтөбе» келе жатса, 8 ұпай жинаған «Қызылжар» мен «Ордабасы» екінші орында келе жатыр.