Жол-көлік оқиғасы осыдан 2 бұрын Шал ақын ауданында орын алды. Сергеевка қаласының 36 жастағы тұрғыны мас күйде көлік тізгініне ие бола алмай, «ToyotaLandCruiser» маркалы автокөлігімен жолдан шығып кетіп, аударылған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, темір тұлпар иесі орталық аудандық ауруханаға жатқызылды. Ал көлік арнайы тұраққа қойылды.
Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Заң бұзушы жиырма тәулікке қамауға алынып, 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
-Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында алкогольдік ішімдік ішіп, автокөлік тізгіндеген 65 жүргізуші анықталды. Мас жүргізуші өзінің ғана емес, өзгенің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда өте мұқият болуға және жол жүру ережелерін қатаң түрде сақтауға шақырамыз,-дейді Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Сөз соңында қоса кетейік, үстіміздегі жыл басталғалы облыс жолдарында 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан, 6 адам қаза тауып, 20 кісі жарақат алған.