Елімізде футболдан Лига кубогы турнирі өтуде. Бірінші турда «Қызылжар» клубы «Тараз» командасымен ойнады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Аталған турнирдің соңғы екі ойынында А тобында «Тараз» бен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайрат» (Алматы) пен «Ақжайық» (Орал) кездесті.
Биыл бірінші лигада ойнап жүрген тараздық футболшылар петропавлдық клубқа лайықты қарсылық көрсетті. Кездесу барысында алғашқы болып «Тараз» сапынан Абзал Мұқанбетжанов 13-минутта есеп ашқан еді. Одан кейін «Қызылжардан» Борис Цмилянич 58, Ұлар Жақсыбаев 90-минутта екі гол соқты. Осылайша петропавлдық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, аталған турнирді жеңіспен бастады.
Ал «Қайрат» өз алаңында «Ақжайық» қақпасына жауапсыз тоғыз гол соқты.
Кездесу барысында алматылық клубтан Жоао Паоло 38, 43, 74-минутта хет-триктің авторы атанды. Оған қоса Александр Широкобоков 13, Иброхимхалил Юлдошев 28, Вячеслав Швырев 33, Элдер Сантана 51, Әділет Сәдібеков 58, Георгий Зариа 78-минутта мергендік танытты.
Нәтижесінде «Қайрат» қарсыласын 9:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді.