110
Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың аудандық соты абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан қауіпсіздік ережелерін және еңбекті қорғау ережелерін бұзу туралы екі азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады. Сот ақтау үкімін шығарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Естеріңізге салсақ, 2023 жылы 1 тамызда «ЕМС Агро» ЖШС шошқа фермасында құдықты тазалау кезінде төрт жұмысшы қаза тапты. Компания қаза болғандардың отбасыларына моральдық және материалдық көмек көрсетті. ЖШС қаражаты есебінен жақындарының тілегі бойынша жерлеу рәсімдері ұйымдастырылып, жалпы сомасы 60 млн теңгеге жеке жәрдемақы тағайындалды, ҚР заңнамасына сәйкес марқұмның отбасы мүшелерінің пайдасына сақтандыру төлемдері жүргізілді. Серіктестік мәлімдемесіне сәйкес, арнайы комиссия ұсынған еңбек заңнамасына қатысты олқылықтарды жою шаралары белгіленген мерзімде толық орындалды. Төтенше жағдайдан кейін компания басшылығы ауысып, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданды.
Сот үкімімен М. және А. ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі емес деп танылып, оларда қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
— М. мен А.-ның кінәсі объективті түрде расталмаған, ұсынылған дәлелдемелерде олардың қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау ережелерін бұзғандығы туралы қорытынды жасауға жеткілікті негіздер жоқ. Ақталғандардың ақталуына құқығы бар, — делінген СҚО соты таратқан мәліметте.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.