Қытайда өтіп жатқан спорт додасына биыл Қазақстаннан 34 спортшы аттанды. Оның алдындағы Корей еліндегі жарысқа 46 адам қатысқан болатын, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
10 ақпанда спорттың 2 түрі бойынша жарыстар өтіп, оның тек біреуіне ғана отандастарымыз қатысты. Әйелдер арасындағы шаңғы жарысында Валерия Тюленева, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина мен Ксения Шылыгина бақ сынады.
Өкінішке қарай, 10 шақырымдық додада жерлестеріміздің ешқайсысы үздіктерді былай қойғанда, елулікке де іліге алмады.
-Бүгін мен жарысты бастап, алғашқы болып шықтым. Бұл психологиялық тұрғыдан ауыр. Әрі ұйытқыған жел мен жарыс жолының ауырлығы, жасанды қардың кесірінен ойдағыдай өнер көрсете алмадым, дейді Валерия Тюленева.
Қазақстандық спортшылардың қоржыны әзірге бос, жарыстың қай түрінен болмасын жүлдеге іліккендер жоқ.
Жалпы, 10 ақпандағы қорытындыға сай жалпыкомандалық есеп бойынша — 1 орында Германия спортшылары, 2 орын Норвегияда болса, үздік үштікті австриялықтар қорытындылады.