Солтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ауылдарға қатынайтын автобустарды субсидиялау туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау механизмі елді мекен тұрғындарының жүріп-тұруын жеңілдетуге септеспек. Мәселен, субсидиялау процесіне дейін Петропавлдан Булаевоға дейін жол ақысы 970 теңгені құрайтын. Қаржылай қолдаудан кейін ол 640 теңгеге дейін төмендеді. Ал Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылына жету үшін бұрын 2 241 теңге төлеу керек еді. Қазір бұл сома – 1494 теңге. Кішкенекөл ауылына дейін 3060 теңге болса, бүгінде төлемақы 2040 теңгені құрайды.
– Үстіміздегі жылы өңірдегі ауылдарды толық автобус қатынасымен қамту жоспарланы отыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 575 млн. теңге бөлінді. Жолаушы тасымалдаушыларды субсидиялау бағыттарды сақтап, қоғамдық көліктерде жол жүру тарифтерін қымбаттатпай ұстап тұруға септеседі, – дейді басқарма өкілдері.