Петропавл қаласында этнодизайнер, қолөнер шебері Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» атты көрмесі ашылды. Ұлттық мұраны жаңғыртып, қазақ әйелдерінің бас киімінің тарихи мәні мен маңызын дәріптеуді мақсат еткен көрмеде 20-дан астам түпнұсқа кимешек көпшілік назарына ұсынылған.
Тілек Сұлтан көрме барысында кимешектің әртүрлі үлгілерін көрсетіп, оның тек бас киім ғана емес, белгілі бір жас ерекшелігі мен әлеуметтік мәртебені білдіретін нышан екенін түсіндірді. Этнодизайнердің айтуынша, қазақ халқында қыз бала дүниеге келген сәттен бастап өмірінің әр кезеңінде 10 түрлі бас киім киеді. Ал кимешек – ана атанған әйелдің мәртебесін білдіретін киім.
Көрме аясында этнодизайнердің ұлттық нақыштағы киім үлгілері көрсетілді. Дефиле барысында кимешектің төбелік, ою-өрнек сияқты элементтерінің жас ерекшелігіне қарай қалай түрленетіні көрсетілді. Сонымен қатар, ерлердің ұлттық киім үлгісі де көпке шығарылды. Сондай-ақ, кимешек тағу мен шылауыш ораудың әртүрлі үлгілері де таныстырылды.
Тілек Сұлтанның ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған осындай көрмелері бұған дейін Түркия, АҚШ, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты алыс-жақын шетелдерде көрермен көзайымына айналған. Біздің өңірдегі көрме облыстық өлкетану мұражайында алтыншы сәуірге дейін болады.
QYZYLJAR NEWS