Вьетнамдық жасыл желек былтыр гүлдеген болатын, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Патшаның бананы» депаталатын сұрыптың биіктігі 3 метрге дейін жетеді. Ботаникалық бақтың директоры Артур Рязаповтың айтуынша, жидектектес өсімдік 10 шақты банан берді. Әр қайсысының ұзындығы 15 сантиметрден аспайды.
– Банан пальмасы гүлдеп, жеміс беру үшін ортаның температурасы 22-25 градус жылулықты көрсету қажет. Бұл ағаш ылғалды жақсы көреді. Сондықтан жапырақтарына жиі су шашқан жөн. Егер өсімдіктің жетілуіне қолайлы жағдайлар жасалса, біржылдың ішінде бір мәрте өнім алуға болады, – дейді Артур Рязапов.
Айта кету керек, банан ағашының жемісі толық сарғайғаннан кейін оны жеуге болады. Бүгіндері ғасырдан астам тарихы бар ботаникалық бақта алуан түрлі өсімдіктің 2 мыңға жуық түрі өседі. Жерсінген тропикалық жемістердің қатарында, ананас, анар, лимон және мандарин да бар.