Солтүстікқазақстандық құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған 4 балықшыға көмек көрсетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жергілікті Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, түнгі сағат 12 ге таман Тайынша ауданының Летовочное елді мекенінің тұрғыны құтқару қызметіне жәрдем сұрап хабарласқан. Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облыстарының шекарасында, атап айтсақ, Қақ көлінің жанында балықшылар мінген автомобиль қарда тұрып қалыпты.
Мамандар 4 азаматты құтқаруға «Нива» маркалы жол талғамайтын көлігімен аттанған. Алайда, ақтүтек боран іздестіру жұмыстарын қиындатып жіберді. Түнгі сағат 2-ге қарай балықшылардың көлігі табылды. Қар құрсауында қалып қойған тұрғындар діттеген жеріне аман-есен жеткізілді.