Өткен дүйсенбіде солтүстік қазақстандық құтқарушыларға оңай болған жоқ. Өңірде боран күшейіп, жолда қалғандармен қоса ермек қуып адасқандарды да іздеуге тура келді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Тайынша ауданындағы Чермошнян ауылына қонаққа келіп, бос уақытында балық ауламақ болған. Дауылды ескертуді қаперіне де алмай, жалғыз шыққан көрінеді. Шағалалы көліне қармақ салған балықшы қайтарда қарға батып қалғасын құтқару қызметіне хабарласыпты.
Жергілікті құтқарушылар ауыл тұрғындарымен бірлесіп, іздеуге кіріскен. Бірнеше бағытқа шығып қарда жүруге арналған техниканың көмегімен маңайды түгел шолып шықты. Тек 2 сағаттан астам уақыттан кейін ғана Шағалалы көлінің жанынан көлікті тауып, елордалықты туыстарының үйіне жеткізді.