Тимирязев ауданы аумағындағы орманда 2 адам өлген екі елікті көліктеріне жанталасып тиеп жатқанын байқаған қорықшы, браконьерлерді тоқтатпақ болған. Заң бұзушылар оны пысқырмай, ізін суытып үлгерген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қоңырау түсе сала, тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарына кіріскен. Қылмыскерлер ұсталды.
-Көлік салонынан аңшы мылтығы табылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында Тимирязевтан 10 шақырым жерде атылған 2 елік анықталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қылмысқа қатысы бар деген айыппен Сергеевка қаласының 36 жастағы тұрғыны мен 46 жастағы ақтөбелік азамат ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды,-деді полицейлер.