Солтүстікте Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендері тасып, арнасынан шығуы мүмкін. Сонымен қатар, еріген қар суының ықпалымен кей көлдер де жайылуы ықтимал. «Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, көрсеткіштер көп жылғы деңгейде, кейбіреулерінде, атап айтсақ, топырақтағы күзгі ылғал 39 %-ға төмен, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, бүгіндері Сергеев су қоймасы 78,6 %-ға толған. Яғни, былтырғыдан 11 %-ға төмен. Сілеті өзеніндегі су қоры әдеттегіден 25 %-ға көп.
-Жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күреске және апаттық жағдайларды болдырмау мақсатына 675,5 миллион теңгеге жуық қаржы бағыттап отыр,-деді Рамиль Камалов.
Айта кетейік, алдын ала қолға алынған шаралардың арқасында 170 елді мекенді су басу қаупі сейілді. Қазір 6068 тұрғыны бар 85 елді мекен мамандардың қатаң бақылауында. Елді мекендердің 30-ы өзендердің тасуынан, 13-і көл суының көтерілуінен, сондай-ақ, 42 ауыл еріген қардан су астында қалуы мүмкін.