Тағы да интернет-алаяқтар! Бұл жолы айлакер қыз-келіншектердің киімін арзанға сатамын деп, 12 тұрғынды арбауына түсірген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Instagram желісінде «Modnyi-store» деген атаумен киім дүкенінің парақшасын ашқан. Ол жерге сәнді, соңғы үлгідегі әйелдер киімін жарнамалап отырыпты. Тауарлардың бағасы басқалардыкіне қарағанда әлдеқайда төмен деп көрсетілген. Әрине, бұл клиенттердің қызығушылығын оятқаны сөзсіз. Пысықайдың құрығына іліккен тұрғындар сатушының шарттарын орындап, сұраған сомаларын жіберіп отырған. Тіпті, оның киберқылмыскер екеніне еш күмәнданбаған. Осылайша, арам ойын іске асырған айлакер 12 тұрғыннан 900 мың теңгесін қағып алған,-деді Петропавл қалалық сотының төрағасы Михаил Гусев.
Айта кету қажет, соңғы кездері алаяқтар тұрғындарға телефон арқылы қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, алдап жатады. Сан соғып қалмау үшін өте мұқият болып, жеке деректермен бөліспеген абзал.