Негізінен Петропавл аумағы 5-ке бөлініп-орталық, солтүстік, батыс, шығыс және оңтүстік болып жоспарланып отыр. Олардың әрқайсысы тұрғын үй құрылысы мен халыққа қызмет көрсету объектілерінің құрылысын қамтиды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығының бас жоспарына сәйкес туристік және экскурсиялық кеме қатынасы ұйымдастырылмақ. Өзен трамвайларын (трамвай-кабриолеттер), жолаушылар кемесі-катамарандарды пайдалана отырып, тұрғын үйлер мен саяжай, туристік тұрақтар арасында қатынасты орнату жоспарланған.
Сонымен қатар, құжат аясында әуежайдың өндірістік қуатын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген.
Келешекте «Астана– Петропавл станциясы» учаскесінде екінші теміржол өткелін салу ұсынылады.
— Бұл темір жолдың өткізу және тасымалдау қабілетін арттыруға мүмкіндік береді және экологияға қолайлы әсер етеді, — делінген құжатта.
Сондай-ақ, қаланың бас жоспарын әзірлеушілер теміржол үстінен жабық жаяу жүргіншілер өткелін ұзартуды қарастырмақ ниетте.
Қазақстан Үкіметі Петропавлдың бас жоспарының жобасын бекітті.