Электрондық үкіметтің мобильді қосымшасының жаңа нұсқасы жасалды. Оған жұртшылық арасында жоғары сұранысқа ие болған eGov.kz порталының 20-дан астам мемлекеттік қызметі енгізілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазірдің өзінде Egov mobile қосымшасын пайдаланушылар үшін 400-ге жуық мемлекеттік онлайн-қызмет пен сервис қолжетімді. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік қызметтерді 80% — ға дейін «смартфондау» жоспарланып отыр.
Мобильді қосымшаның жаңартылған нұсқасында «Цифрлық құжаттар» сервисіне ЭЦҚ кілті арқылы авторизациядан өткеннен кейін интернетке қосылмай-ақ пайдалану мүмкіндігі бар.
-Бүгінде eGov mobile мобильді қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисі 18 құжаттан тұрады. Атап айтқанда, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, вакциналау паспорты, ПТР тест және туу туралы куәлік және тағы басқалары. Іске қосылған сәттен бастап тек «Цифрлық құжаттар» сервисі 47 млн-нан астам рет пайдаланылды. Қазіргі интерфейс бұрынғыдан да ыңғайлы. Азаматтар қажетті мемлекеттік қызметті интернет ұстамайтын жерде де қолдана алады,- дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.