Эпидемиологтар солтүстікқазақстандықтарды сарып аурынан сақтанып жүру қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Сарып — жануарлар мен адамдарға ортақ өте ауыр жұқпалы ауру. Бұл дерт жүйке және тірек-қимыл жүйесіне тікелей әсер етеді. Ауруды үй жануарлары мен жабайы аңдар таратады. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаса, инфекцияны жұқтырып алулары әбден мүмкін, — дейді облыстық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Юлия Гайсина.
Маманның айтуынша, сарыпты жұқтыру қаупін азайту үшін ветеринариялық құжаттары бар малды ғана алу керек. Ет пен сүтті де арнайы рұқсат етілген жерлерден , дүкендерден алған жөн.
Бруцеллездің инкубациялық кезеңі бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Алғашқы күндері науқастардың бойында қызу, қалтырау, терлеу, әлсіздік байқалады. Содан кейін бас ауруы, ұйқысыздық, дене температурасының көтеріліп-түсуі мүмкін. Дерт буындарға да әсер етпей қоймайды.
Соңғы 15 жылда өңірде эпизоотиялық жағдайдың жақсарғаны байқалады. 5 жыл ішінде адамдардың ауру жұқтыруы біршама есеге азайған.
Pexels иллюстрациялық фотосы