Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғаннан кейін комитеттің кеңейтілген отырысында Сенаттың тұрақты комитеттерінен, Сенат аппаратынан және қоғам тарапынан келіп түскен бірқатар ескертулер мен ұсыныстар жан-жақты талқыланды. Осы орайда заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы қоғамда белсенді түрде талқыланғанын атап өтті. Балаларды қорғау туралы нормаларды іске асыру жөнінде азаматтық белсенділер түрлі ұсыныстар мен пайымдарды айтқан болатын. Сондықтан сенаторлар заң жобасында ұсынылған ережелерді мұқият зерделеді және келіп түскен өтініштерді ескере отырып, оның бірқатар баптарын қайта қарауды ұсынды.
-Сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктерді алып тастады. Соған сәйкес онлайн-платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Біздіңше, мұндай қадам «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына және Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мазмұнына сай келеді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Фото: senate.parlam.kz