20 сәуірден бастап Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы темір жол қатынасы қайта жанданады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан Темір Жолы «ҰК» АҚ хабарламасына сәйкес 2020 жылғы 16 наурыздан бастап тоқтатылған халықаралық жолаушылар поездары қайта жүре бастайды.
20 сәуірден бастап № 625/626 Атырау-Астрахань пойызы жолға шығады. Ол күнара жүреді, 20 сәуірден бастап Атыраудан, 21 сәуірден бастап Астраханнан жолға шығады.
Маусым айында тағы бес пойыздың бағыты қалпына келеді. № 7/8 Алматы-Саратов, № 84/83 Қарағанды-Самара, № 301/302 Алматы-Новосибирск, № 145/146 Қарағанды-Омбы, № 113/114 Алматы-Қазан бағытында пойыздар жолға шығады.
Пойыз билеттері жуық арада сатылымға шығады. Билеттерді 45 күн бұрын сатып алуға болады.