Петропавлда Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай қазақ күресінен өткізілген жарыстың қорытындысы шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Еліміздің барлық өңірлеріндегі полиция департаменттерінің 18 және «Динамо» дене шынықтыру – спорт қауымдастығының орталық кеңесінің 8 командасы арасынан шын мықтылар анықталды.
Спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық біріншілікте Алматы қаласы полиция департаментінің командасы үшінші орынды еншіледі. Екінші орын-Нұр-сұлтан қаласының өкілдерінде. Бірінші орынды Қарағанды облысының балуандары жеңіп алды. «Динамо» ДШСҚ ведомствоаралық спартакиадасының қорытындысы бойынша үшінші орынды ТЖМ командасы, екінші орынды Ұлттық Ұлан командасы, бірінші орынды ІІМ құрамасы иеленді.
100 келіден жоғары салмақта Жәнібек Дүйсембаев бірінші орынға ие болды. 100 келіде – Александр Косачев, 90 келіде -Әсет Жүнісов, 82 келіде -Еркеғали Қуандық, 74 келіде – Дәурен Қамаш, 66 келі салмақта — Ерболат Құнанбаев үздік деп танылды. Жүлдегерлер «Динамо Барысы» белдіктерімен, кубоктармен және грамоталармен марапатталды.
— Қазақ күресі – біздің ұлттық күресіміз, оның тарихы тереңде. Күрес- ерік, күш, төзімділік пен шеберлікті талап етеді.Біздің халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін нығайтып, қызметкерлеріміздіңбіріктірген спорттық мереке — 23 маусымда өтетін ел полициясының мерейтойына дайындықтың тамаша кезеңі», — деп атап өтті СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов.