Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің мемлекеттік акциялар пакетінің 100 пайызы америкалықтардың басқаруына берілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов сәуірдің 15-і күні «Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» коммерциялық емес АҚ акцияларын сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге Аризона университетінің сенімгерлік басқаруына беру» туралы қаулыға қол қойды.
Қозыбаев атындағы СҚУ төмендегі шарттарға сәйкес берілмек:
— университеттің басқару органы болып директорлар кеңесі бекітіледі. Оның құрамына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің, БҒМ, Аризона университетінің, СҚО әкімдігінің, СҚУ өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз директорлар кіреді;
— білім беру Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес іске асырылатын білім беру бағдарламалары, шетелдік аккредиттеу агенттіктері аккредиттеген Аризона университетімен бірлескен білім беру бағдарламалары мен қос диплом бағдарламалары негізінде ұсынылатын болады;
— тәрбие үдерісіне жауапты Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі Қазақстан Республикасының БҒМ тағайындайды.
ЖОО-да оқыту Аризона университетінің профессорлық-оқытушылық құрамын тарта отырып, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілетін болады. Олардың үлесі Қозыбаев атындағы СҚУ профессорлық-оқытушылар құрамының жалпы санының 30% — ынан аспауы тиіс.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев