Бүгін облыс орталығында құрақ көрпе тігуден «Korpe fest» мега — фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Қазақстанның танымал этнодизайнері, «Алтын сапа» президенттік сыйлығының бес мәрте лауреаты, «Korpe fest» мегажобасының авторы және ұйымдастырушысы Ырза Тұрсынзада мен оның ізбасарлары солтүстікқазақстандықтарға шеберлік сағатын өткізуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Қағира Дауенова 8 жасынан бері іс тігеді. Ең бірінші рет бала кезінде әжесінен құрақ құрап үйреніпті. Одан кейін біртіндеп киім тіге бастаған. Ал зейнетке шыққаннан кейін ата-бабамыздан қалған ұлттық өнерді мықтап қолға алып, қосымша табыс көзіне айналдырған. Бүгінде жерлесіміз қалыңдықтарға қыз жасауын дайындайды. Өзінің тұрақты клиенттері де бар.
-Қыз жасауының тізіміне кіретін жастық, шәйі көрпе, дастархан, дастарханның үстіне қоятын заттардың барлығын тігемін. Сонымен қатар сәукелесін дайындап беремін. Жалпы, Ырза Тұрсынзаданың жұмыстарын инстаграмнан бұрыннан бері бақылап жүрмін. Өзім іс тігу білсем де, жаңа дүние үйренейін деп бүгінгі фестивальге келдім,- дейді Қағира Дауенова.
Ал 21 жастағы Назым Мәлік ұлттық киім тігумен әуестенеді. Бұл іспен өзі ғана айналысып қоймай, бүгінде бар білгенін өзінен кішілерге үйретіп, сабақ береді екен. Бескөл ауылының тұрғыны енді құрақ көрпе тігудің қыр-сырын меңгеріп, болашақта өз кәсібін ашқысы келеді.
-10 жасымда ең бірінші жастығымды тігіп саттым. Одан кейін жастықтың басқа да түрлерін үйреніп, шеберлігімді шыңдай түстім. Негізінен, ресейлік маталарды қолданамын,- дейді Назым Мәлік.
Ақмарал Мактункулова болса, қазіргі жас қыздар арасында сәнге айналған ұлттық нақыштағы тақия мен киім-кешек, одан бөлек перде тігеді. Енді 3 күндіік фестивальде Ырза Тұрсынзаданың дәрісін тыңдап, құрақ көрпе тігуді үйренгісі келеді.
-Негізі үймізде менен басқа ешкім іс тікпейді. Өзім осыған дейін бір жобаға қатысып, грант ұтып алғам. Содан сән мен қолөнерге деген қызығушылым оянып, түрлі дүниелерді тіге бастадым,-дейді Ақмарал Мактанкулова.
Жалпы, «Korpe fest» мега — фестиваліне он саусағынан өнер тамған әйелдер мен қатар тігін машинкасының алдына алғаш рет отырғандар да келіп отыр. Петропавлға келген Ырза Тұрсынзада жиналғандарға көрпені қандай матадан тігіп, түстерін үйлестіріп, формаға бөлудің түрлі әдіс-тәсілдерін үйретті.
-Ең алдымен осындай фестивальді ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Үкіметке, ел ағаларына, бауырларыма алғыс айтқым келеді. Негізі, мұндай іс-шараны өткізудің артында қаншама еңбек жатыр. Осы біздің 3 күндік кездесуіміз осы елге жаңалық әкеліп, бүкіл қазақ даласына үлгі болса екенін деймін,-деді Ырза Тұрсынзада.
Бүгін басталған фестиваль 3 күн жалғасады. Оған облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге жуық қыз-келіншек қатысуда. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов сөз сөйлеп, баршаға сәттілік тіледі.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев