Петропавлда қатты желден 50-ден астам ескі ағаш құлады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің ақпараты бойынша, өткен демалыс күндері қала тұрғындарынан 35 өтініш түсті.
— Қазіргі уақытта «Коммунхоз» ЖШС мамандары Петропавлда қатты жел кезінде құлаған ағаштарды шығару бойынша жұмыстарды жүргізуде, — деп хабарлады бөлімде.
Еске сала кетейік, өткен аптаның соңында желдің жылдамдығы секундына 28 метрге жетті. Салдарынан Береке ықшам ауданында салынып жатқан ғимараттың шатыры жұлынып, көліктердің үстіне ағаш құлаған болатын. Бұған қоса, «Қазақтелеком» ғимаратының қасбеті зардап шекті.
Бүгін әлеуметтік желілерде Жұмысшы кентінде желдің екпініне шыдай алмай аударылып қалған аялдама туралы бейнежазба пайда болды.