Явленка ауылының тұрғыны велосипедін дүкен алдына қалдырып кетіп, мүлкінен айырылды. 50 мың теңгенің велосипедін ұрлаған күдіктіні жедел уәкілдер бір сағаттың ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен ұстады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Күдікті Қызылжар ауданының 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Бұл жолы ұрлаған затын небәрі 2 мың теңгеге ауыл тұрғынына сатып жіберіпті.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыс кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Полицейлер велосипедті иесіне қайтарды.
– СҚО полицияның кезекші бөлімдеріне 1239 камера қосылған, олардың 575-і жеке тұлғаларға тиесілі. Бейнебақылау аумағының ұлғаюы – полицияның билік органдарымен және азаматтық қоғаммен арадағы қарым-қатынастың айқын жемісі. Жыл басынан облыста жергілікті бюджет есебінен 37 жаңа бейнекамера орнатылды, жұмыс жалғасын табуда,-деді СҚО ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы Алексей Дементьев.
Жыл басынан облысымызда бейнебақылау камераларының көмегімен 318 қылмыс ашылды.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен