Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында ат спорты маусымы басталды. Биылғы алғашқы аламанды тамашалауға келген облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов жиналған қауымды ашылу салтанатымен құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Ат жарысы — ұлтымыздың төл спорт түрі. Салтымызбен біте қайнасқан, көненің көзіндей бұл өнерге өңірімізде ерекше көңіл бөлінеді. Біздің облыста қазақтың ұлттық спорт ойындары қайта жаңғырып, кеңінен өріс алуда. Биылғы дода өңіріміздің түкпір-түкпірінен атбегілерді жиып отыр. Жарыс тартысқа толы болатынына сенімдімін, — деді Ғани Нығыметов.
Дүбірлі додаға 5 ауданның 50-ге жуық шабандозы қатысты. Атбегілер желіс аттарының жарысы, жорға, ұшқыр және теңге ілу, бәйге бойынша сынға түсті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бәсекеге теріскейлік шабандоздардан бөлек, Ақмола, Павлодар облыстарынан және Нұр-Сұлтаннан келген меймандар да қатысады.
-Аламан жарысында “Тамашаны” тізгіндеген Дамир Бұзықаев жеңіске жетсе, «Көкжал» атымен Дамир Нұғыманов екінші орынды иемденді. Ал «Ботагөз» есімді тұлпарымен Нұрымхан Темірлан мәре сызығын үшінші боп кесіп, қола медальге ие болды. «Ұшқыр бәйгеде» «Классик-Дрим» атын тізгіндеген Қайникамал Сәдуақасова 1 орынды иеленсе, «Латрояға» мінген Даниял Ризаев 2 орын, «Ламборжини» шабандозы Нариман Есімов үшінші орынды місе тұтты, – деді жарыстың бас төрешісі Рамазан Махатов.
«Көкпар» ойынында Ақжар ауданынан келген спортшылар 3 орынды иеленді. 2 орын Аққайың ауданына бұйырды. Ал Уалиханов ауданынан келген спортшылар 1 орынды иеленді.
Фото: Qyzyljarnews.kz/ Талғат Тәнібаев