Киров зауытының аумағында орналасқан ескі мешіттің ғимараты Ислам мәдениетінің музейі болып қайта құрылып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарына 20-ға жуық жұмысшы және 6 техника тартылған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Нысан Қазақстан мұсылмандар діни басқамасының меншігіне беріледі.
-Барлық материал отандық өнім. Ғимараттың 90 пайызы дайын болғаннан кейін Партизан көшесі бойында орналасқан зауыттың ескі ғимаратын сырып тастаймыз. Бұл шілде айында болуы мүмкін. Ал музейдің құрылысын қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда, — дейді «Благоустройство-Север» ЖШС-нің директоры Болат Бұқанов.
Тарихшылардың айтуынша, бұрын Петропавл қаласында 9 мешіт болған. Оның алтауы тастан, үшеуі ағаштан жасалған. Ал бұл — шаһарда бой көтерген 4-ші нысан. Ғимарат жергілікті халықтың өтініші бойынша салынған екен.
— Совет үкіметі кезінде мешіттер түгелімен жабылды. Олардың барлығы пионерлік клубтар мен ойын-сауық орындарына айналды. Бұл мешіт болса қоймаға айналды, — дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Қасиетті орынның тарихы мен салыну жоспары жөнінде мағлұматтарды жергілікті мамандар Санкт-Петербург қаласындағы архивтен тапқан. Нысанды жаңғырту жұмыстарының жоспарын әзірлеген мамандар мешіттің әуелгі кейпін қайта жасап шығуға тырысамыз дейді. Осылайша құлшылық орны “Ислам мәдениеті музейі” болып қайта ашылады.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев