Қызылжар ауданындағы Кондратовка ауылының маңында чипсы тиелген Ақтөбелік жүк көлігі жолдан шығып кетіп, аударылып қалды. Ресейдің Новосибирск қаласынан Қостанайға бет алған фураға 5 тонна чипсы тиелген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полицейлер Мамлют ауданынан «Қазавтожол» ЖШС ауыр техникасын көмекке шақырды. Алайда жолдан шығып кеткен жүк көлігін шығару оңайға соқпады. Сондықтан, қосымша кран алдыртуға тура келген. Соның өзінде рефрижератор-фураның алдыңғы және артқы бөліктерін ажыратқасын ғана шығарды.
-Орын алған жағдай туралы хабар алған соң бірден оқиға орнына аттандық. Көмек ұйымдастырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Жүргізуші біздің өңірдің тұрғыны емес, кімге және қайда жүгінуді білмеген, — дейді патрульдік полиция батальонының инспекторы Әділ Қазиев.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен