Облыстық жарыстың ашылу салтанаты Александр Винокуров спорт сарайында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Спартакиада басталмас бұрын сап түзеген командаларға облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов сәттілік тіледі.
– Спорт – өміріміздің ажырамас бөлшегі. Бүгіндері өңір тұрғындарының дені саламатты өмір салтын ұстанады. Бұл ретте, жергілікті атқарушы билік тарапынан спортты дамытуға барынға көңіл бөлініп келеді. Қаламызда, аудан орталықтары мен елді мекендерде спорттық кешендер ашылып, хоккей қораптары мен шағын футболға арналған алаңдар тұрғызылуда. Облыста мемлекеттік қызметшілер де республикалық жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінуде, – деді Олжас Ыдырысов.
Биыл мемлекеттік қызметшілердің спартакиадасына 30 командадан құралған барлығы 200-ден астам адам қатысты. Мамандар спорттың 7 түрі бойынша, нақтырақ шағынфутбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, суда жүзу, бильярд және қазақ күресінен сынға түсуде. Жарыстың негізгі шартына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер үш топқа бөлінді. Аудан және қала әкімдіктерінің мамандары, аумақтық департаменттер мен облыстық жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау органдарының өкілдері өз араларында мықтыны анықтауда. Спартакиаданың қорытындысы бойынша жүлдегерлерге кубоктар мен грамоталар табысталады.