Блогер, қоғам белсендісі, экономист Дәулет Мұқаевтың бастамасымен «Dauletten» қайырымдылық қоры қасиетті Рамазан айында «Бала-шағамен – Солтүстікке»жобасын қолға алды. Аталмыш жоба аясында 5 отбасы таңдалып, таяуда Шал ақын ауданында қоныс тойын тойламақшы. Qyzyljarnews.kz тілшілері қор жетекшісімен сұхбаттасып, қолға алынған бастама туралы сұрастырды.
– Дәулет Төлеутайұлы, сіздің бұл бастамаңыз туралы естіп, қуанғандардың бірі мен болдым. Бағытты теріскейге бұрудағы мақсатыңыз туралы айтып берсеңіз?
– Бұл идея «Солтүстіктің қақпасы» саналатын Қызылжарды қазақыландыруға үн қосайық деген ойдан туындады. Қазір біздің жігіттер Қызылжарда бес отбасыға үй сатып алу жұмыстарымен айналысуда. Бұйыртса, маусым айының басында қоныс тойын тойлаймыз деп ниеттеніп отырмыз. Бұл бастапқыда «Бала-шағамен – ауылға» деген жоба болатын. Алғашында көпбалалы отбасыларды қаладан ауылға көшіруді ойладық. Ойымыз сәтті жүзеге асты. Бес отбасы елді мекеннен тұрақ тапты. Тағы бес отбасын Қызылжарға көшірудің саяси, стратегиялық мәні бар, тоқетерін айтқанда, теріскейді қазақыландыруға тамшыдай болсын үлесімді қосқым келді. Жоба атауын «Бала-шағамен – Солтүстікке» деп қойғанымыз да сондықтан. Бұл оңай көрінгенімен, атқарар шаруасы шаш-етектен. Осы күнге дейін көп жұмыстар істелді. Оның бәрін халық көріп-біліп отыр. Ел мен жердің жағдайын барлай келе, аталған бес отбасын Шал ақын ауданының орталығы Сергеевкаға көшіруді жөн көрдік. Жоба жалғасын тауып, халық қолдап-қуаттап жатса, болашақта тағы бес отбасын өзге аудандардың біріне көшірерміз деген ойымыз да, жоспарымыз да бар.
– Көшіп келетін отбасыларды қалай таңдайсыздар? Олардың өтініштері қалай сарапталады?
– Жобаға осы жылдың 5-15 сәуір аралығында 1311 өтінім келіп түсті. Бәрін кезең-кезеңімен қарадық. Алғашқы кезеңде өтінім берген қатысушылардың арасынан жоғары балл жинаған 20 отбасы таңдалып, олармен психолог маман сұхбат жүргізді. Сөйтіп, келесі іріктеу кезеңіне 10 отбасы өткен болатын. Соңғы кезеңде қордың қамқоршылық кеңесінің мүшелері, түрлі деңгейдегі депутаттар, қоғам белсенділері, жуналистер жобаға қатысушылармен жеке-жеке әңгімелесті. Әңгіме барысында қоныс аударатын жандардың атқаратын жұмыстарына, бизнес идеяларына мән берілді. Сөйтіп, олардың айтқан деректерін жан-жақты сүзгіден өткізе отырып, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан және Шымкент қаласынан лайықты деп бес отбасын таңдадық. Барлығы да көпбалалы, олардың жалпы саны – 39 адам. Бес отбасының әрқайсысында 5-7 балаға дейін бар. Біз бала санына да назар аудардық. Өйткені Қызылжардағы мектептердің кейбірі жабылудың алдында тұр десек, жалған емес. Сол үшін көпбалалы жандар ауадай қажет. Көшіп баратындар негізінен мал шаруашылығымен айналысқылары келеді. Біреуі сауда-саттыққа жақын болса, енді бірі ұлттық өнерді дамытып, тігіншілікті кәсіп етпек.
– Баспана салып беруден бөлек, тағы қандай көмек көрсетесіздер?
– Біз олардан бизнес жоспар сұраймыз. Жобаларын менің командамның мүшелері қарап, тексереді. Кәсіп бастау үшін бес отбасының әрқайсысына қайтарымсыз бір миллион теңге, жарты жыл көлемінде ай сайын 60 мың теңгеден береміз. Одан сырт 8-10 тонна көмір, көшу, жол шығындары толығымен қор тарапынан төленеді. Жаңа қоныс аударған адам сол жерге сіңіскенше біршама уақыт керек. Біз сол үшін осы көмек түрлерін тағайындап отырмыз. Біз олардың игілікті алып алғаннан кейін қайтадан туған жерлеріне көшіп кетпеулерін қадағалаймыз. Ең бастысы, жаңа оқу жылы басталғанда мектеп жасындағы балаларының қажетті заттарын алып беріп, оқу-құралдарымен қамтамасыз етеміз. Біздің сатып алып беретін үйлеріміздің бағасы 5-7 миллион теңгенің шамасында. Баспаналардың сапасына, қора-жайына баса мән берудеміз. Бес отбасын бір жерге, яғни, көрші қоныстандыруды жөн санадық. Өйткені бір-біріне жақын жүрсе, істері өнімді болады. Көшіп барғандар сонда 3 жыл тұрақтайтын болса, төртінші жылы үй аттарына аударылады. Оған дейін баспана қордың жекеменшігінде болады.
Шыны керек, қызылжарлық журналистпін дегеніңізде қуанып қалдым. Әңгіме арасында айта кетейін, қазақтың арда перзенті Әлихан Бөкейханов «Қазаққа қызмет етпей қоймаймын!» – депті. Осы сөз менің ғана емес, жүрегі халқым деп соққан әр қазақ баласының бойтұмары. Біз «қазақ тілінің тағдырына алаңдаймыз», «еліміздің солтүстік өңірлерінде мектептер жабылуда», «көшелер қазақыланбай жатыр» деп жиі айтамыз да, осы олқылықтарды түзетуге келгенде үндемейміз. Қазақ мектебін көбейту де, тілімізді төрге оздыру да өзіміздің қолымызда. Тек әр адам елге, жерге не беремін деп ғұмыр кешуі керек. «Ана тіліңді төрге оздырғың келсе, өзің, ең алдымен, қазақ тілінде сөйле. Балаларыңды қазақ мектебіне бер. Қоғамдық орындарда қазақ тілінде қызмет көрсетілуін талап ет!» деп жиі айтамын. «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар ғой, біз бұл жұмысымызды алдағы уақытта да жалғастырамыз. Бүгіннің өзінде бұл бастамамызға қолдау көрсетіп жатқан адамдар аз емес.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев