СҚО-да ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қуантты

Авторы: Qyzyljar News

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино балалар үйінде «Баланың бақыты біздің қолымызда» атты мерекелік шара өтті,  деп хабарлайды  Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Бұл күні тәрбиеленушілер қонақтарға арнап ән мен биден шашу шашып,  шығармашылық қабілеттерін паш етті. Шара барысында оқу жылында түрлі байқауларға қатысып, өздерін әр салада белсенді көрсете білген тәрбиеленушілер марапатталды.

– Бірінші кезекте ұстаздар мен тәрбиешілерге көп рахмет. Баланы тәрбиелеу оңай шаруа емес. Үстіміздегі жылы орталықта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр мектепке жөндеу жасалған. Мемлекет тарапынан тек оқу жағына емес, әлеуметтік тұрғыдан да жан-жақты қолдау көрсетілуде, — деді Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров.

Балаларды қорғау күні аясында ұйымдастырылған шараға Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері де белсене қатысып, өздері қамқорлыққа алған балалармен кездесті. Олар бұл жолы да құр қол келген жоқ. Осыдан бір ай бұрын жөндеуге алып кеткен  балалардың велосипедтерін табыс етті. Одан бөлек, су жаңа 10 велосипед сыйлады. Бұл жолы да әдеттегідей  тәтті сыйлықтар таратылды.

– Біздің ұжымның қызметкерлері бұл мекемеге жиі келіп тұрады. Келген сайын жақсы бір әсерге бөленеміз. Балалар бізді әрдайым қуана қарсы алады.  Демеушілердің саны да жылдан жылға көбеюде. Осы жолы жеке кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, балаларды қорғау күнінде жеткіншектерге жөнделген велосипедтерімен қоса су жаңа 10 велосипед сатып ала келдік, — деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкері  Айгүл Букирова.

«Экстремал» дүкенінің директоры  Дарина Парахина спорттық тауарларды, альпинизм, балықшылық, жүзуге арналған заттарды сатумен, жалға берумен айналысады. Кәсіпкер  балалар үйлеріне, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға бүгінге дейін материалдық тұрғыдан қолдау көрсетіп келеді. Осы жолы да қайырымды істен тыс қалмады.

– Бөбектердің шаттанғандарын, нұрлы жүздерін көріп жаным жадырап қалды. Қолдан келгенше балаларға қамқорлық жасағым келеді. Жақында осында тәрбиеленуші қыздың туған күні. Рұқсат берсе, оны қалаға алып шығып қыдыртқым келеді, — дейді жеке кәсіпкер.

Кейін балалар мен келген қонақтардың кездесуі ашық аспан астында жайылған дастархан басында жалғасты.

Фото: ашық дереккөздерден.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz