СҚО-да жолда аударылып қалған автокөлік өртеніп кетті

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысында 5 айда республикалық және облыстық маңызы бар  жолдарда  26 жол-көлік оқиғасы тіркелді.  Олардың біреуінде   автокөлік өртеніп, жүргізуші мен 4  жолаушысы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды  Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы Тайынша ауданында мамыр айының соңында болған. 22 жастағы жүргізуші алдындағы  көлікті басып озбақ болғанда рөлге   ие бола алмай жолдан шығып кетіп, аударылып қалды. Автокөлік өртеніп, толығымен жанып кетті.

Сондай-ақ, мамыр айының соңғы күндері Аққайың ауданында Нұр-Сұлтан қаласының 28 жастағы тұрғыны да бұрылыста тізгінге ие бола алмай, аударылып қалды. Ол алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды. 8 маусым күні Қызылжар ауданында «Челябі-Новосібір» автожолында «Toyota Corolla» және «ВАЗ 2114» автокөліктері соқтығысты.

Әдетте, жаз басталысымен    жолдарда көлік саны артады. Осыған байланысты полицейлер жол үстінде сақ болуға, алыс жолға шығарда  жауапкершілікпен қарауға, жолда жүру  қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.

-Жолда жүру қағидаларын елемеу осындай жағдайларға алып келуі мүмкін. Әр маневр ерекше сақтықпен жасалуы қажет. Алда келе жатқан көлікті басып озу кезінде қауіпсіз екендігіне көз жеткізіп алған жөн. Сондай-ақ, жол үстінде қаңғып жүрген жануарларға да мән беру керек. Өйткені олар кенеттен шыға келуі мүмкін. Жүргізушілерден жол үстінде сақ болуларын, бекітілген ережелерді  сақтауды сұраймыз, — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы   Айдын Байматов.

СҚО жолдарында бес айда жылдамдық режімін сақтамау салдарынан 7 жол-көлік оқиғасы орын алып, 1 адам қаза тапты, 8 адам түрлі деңгейдегі  жарақат  алды. 15 жол-көлік оқиғасында жүргізушілер маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбеген. Салдарынан 5 адам көз жұмып, 26 адам жараланды.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz