Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында күніне орта есеппен алғанда 2 мас жүргізуші анықталады. Осылайша жыл басынан бері полицейлер 456 адамды ұстады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, алкогольдік ішімдік ішіп, көлік басқарған тұрғындардың кесірінен 8 жол-көлік апаты орын алған. Маусымның 9 күні кешке Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Набережная-Хименко көшелерінің қиылысында «Toyota» автокөлігін тоқтатқан. Нәтижесінде, рөлдегі азаматтың мас екені анықталды. Сот 43 жастағы қала тұрғынын жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды, сонымен қатар ол 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Жыл басынан өңірде 96 жол апаты орын алып, салдарынан 15 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен