Өңір жетекшісі Айыртау ауданындағы әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдарды жөндеу науқанын бақылады. Бұл туралы облыс әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта Айыртау ауданында 3 мектеп және 2 мәдениет үйі жөнделуде. Екі елді мекенде тарату желілері бар жергілікті су құбырын тарту жоспарлануда.
-Антоновка ауылында ішкі жолдар жөнделуде. Елді мекеннің жанында сүт фермасының құрылысы аяқталып, малдың алғашқы легі күзде келеді. Ауданда 4 ауылға ішкі жолдар салынады. 20 шақырымды құрайтын «Саумалкөл-Сырымбет» жолына жөндеу жүргізіледі, — дейді Құмар Ақсақалов.
Айыртау ауданы – облысымыздың туристік орталығы екені белгілі. Облыс әкімінің айтуынша, 5 жыл ішінде жеке инвестиция есебінен 12 демалыс орны салынды. «Шалқар су» шипажайын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
-Төменгі Бұрлық ауылының тұрғындарымен кездесу өткіздім. Сұрақ-жауап форматында ауылдың өзекті мәселелерін талқыладық, міндеттер айқындалды. Биыл Төменгі Бұрлық ауылына жедел жәрдем көлігі сатып алынады, бұдан басқа жолаушылар тасымалдайтын көлік жолға шығады. Сондай-ақ келесі жылы жолды және су желісін жөндеуді жоспарлап отырмыз, — деп жазды өңір басшысы.
Сондай-ақ, Құмар Іргебайұлы Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) бұрынғы Лобанов колледжінің ғимаратын алып, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жазды. Мұнда оқытудың заманауи әдістері мен технологиялары бар жаңа колледж құрылады. 800 адам білім алатын оқу ордасына айналмақ. Күрделі жөндеуге 160 миллион теңге бөлінсе, қондырғы алуға 140 млн. теңге бағытталады. 25 тұрақты жұмыс орны құрылып, кейін 100-ге дейін өседі.
Фото: Құмар Ақсақаловтың инстаграм парақшасынан