Шалқар-Имантау курорттық аймағында жазғы туристік маусым ашылды. Салтанатты жиынға еліміздің Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
–Шалқар-Имантау — Қазақстанның ең әдемі жерлерінің бірі. Бірақ инфрақұрылымын дамыту керек. Ішкі туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде, жоспарлар да бар. Егер де инвесторлар келіп, жобаларын жүзеге асырса, мемлекет тарапынан қаржыларының 10 пайызын қайтарып беруге дайынбыз. Ата-аналар балаларын алып келсе – «Kids Go Free» жобасы арқылы әуе билетін тегін ала алады, — деді министр.
Жазғы туристік маусымның ашылуына орай түрлі картиналар мен қолөнер бұйымдары, ұлттық нақыштағы оюлармен өрнектелген ағаштан жасалған ыдыстар жәрмеңкеге шығарылды. Сондай-ақ, келушілердің назарынан атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлының атындағы жылжымалы көрме-мұражайы ұйымдастырылды.
– Атам Мәсіп бүркітшіліктің арқасында өткен ғасырдың 30-шы жылдарында өз елін үлкен ашаршылықтан сақтаған. Қартайған шағында да қолынан бүркітін тастамайтын. Бүркітшілік сияқты төл өнерімізді төбеге шығаруымыз керек. Жұртшылық көрсін-білсін деп бүгінгі шараға атсалысып отырмыз, — дейді «Демалыс және туризм индустриясы ассоциациясының» президенті Шынарбек Батырханов.
Курорттық аймаққа келген меймандар үшін солтүстікқазақстандық және елордалық өнерпаздар әсем ән шырқап, биден шашу шашты. Ашылу салтанатында волейбол, үстел теннисі, садақ атудан спорттық сайыстар да ұйымдастырылып, келген қонақтар уақыттарын көңілді өткізді.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев